Әлем және Азия чемпионы Қазақстан кубогында сенімді жеңіске жетті (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали Қазақстан кубогы-2026 турнирінде алтын медаль жеңіп алды. 

Әлем және Азия чемпионы Қазақстан кубогында сенімді жеңіске жетті (ВИДЕО)
olympic.kz

Сұлтанғали Қазақстан кубогының шешуші белдесуінде Ербол Қамалиевпен кездесті. Финалдық айқас көпке созылмады. Айдос басымдықты бірден өз қолына алып, кездесуді 6:0 есебімен мерзімінен бұрын аяқтады.

Бұл — Айдос Сұлтанғалидің 2025 жылғы әлем чемпионатындағы тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы ірі жарыстарының бірі. Балуан ел ішіндегі басты турнирде де бабында екенін дәлелдеді.

Сұлтанғали 60 келіде топ жарды

Осылайша Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Ал финалда есе жіберген Ербол Қамалиев күміс жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Сұлтанғали Загребте өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта топ жарған еді. Сол кезде финалда өзбекстандық Әлішер Ғаниевті жеңіп, Қазақстан қоржынына маңызды алтын салды.

Қазақстан кубогы ірі жарыстарға іріктеу болады

Ербол Қамалиев те соңғы уақытта ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Ол жуырда Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғап, жартылай финалда қарсыласына жол берген.

Қазақстан күрес федерациясының ресми мәліметіне сәйкес, биылғы Қазақстан кубогы маңызды іріктеу саналады. Турнир нәтижесі бойынша балуандар Нагояда өтетін Азия ойындарына және 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне таласады.

Сонымен қатар 2026 жылғы әлем біріншілігінің Қазақстанда өтуі ықтимал екені айтылып жүр.