Демеу Жадыраев Қазақстан кубогы үшін таласады (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Грек-рим күресінің тәжірибелі өкілі Демеу Жадыраев Алматыдағы Қазақстан кубогынның финалына шықты. Бұл — оның 82 келіден 77 келіге қайта оралғаннан кейінгі алғашқы турнирі.

Демеу Жадыраев Қазақстан кубогы үшін таласады (ВИДЕО)
olympic.kz

Алматыда күрестен Қазақстан кубогында Демеу Жадыраев 77 келіге дейінгі салмақта сәтті өнер көрсетіп жатыр. Алматы облысының атынан сынға түскен балуан әзірге қарсыластарына еш мүмкіндік берген жоқ.

Жадыраев республикалық турнирде үш белдесудің үшеуін де мерзімінен бұрын аяқтап, өзінің бабында екенін көрсетті. Әсіресе жартылай финалдағы жеңісі көпшіліктің назарын аудартты.

Азия чемпионын ұтты

Финал жолдамасы үшін өткен белдесуде Демеу Жадыраев Қостанай облысының балуаны, 2020 жылғы Азия чемпионы Тамерлан Шадукаевпен кездесті.

Бірақ тәжірибелі "классик" бұл айқаста толық басымдық танытты. Париж Олимпиадасының жүлдегері қарсыласына бірде-бір ұпай алуға мүмкіндік бермей, 8:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша Демеу Жадыраев Қазақстан кубогының финалына сенімді түрде шықты.

Финалдағы қарсыласы кім? 

Қазақстан кубогының алтын жүлдесі үшін Демеу Жадыраев Батыс Қазақстан облысының өкілі Қаһарман Қисметовпен белдеседі.

Бұл финал 77 келіге дейінгі салмақтағы ең тартысты кездесулердің бірі болуы мүмкін. Себебі Жадыраев үшін бұл турнир 77 келіге қайта оралғаннан кейінгі маңызды сынақ саналады.

82 келіден 77 келіге оралуы

Айта кетейік, Демеу Жадыраев бұған дейін 82 келі салмақта бақ сынаған. Дегенмен бұл салмақта халықаралық аренада жүлдеге іліге алмады. Еуропада өткен екі жарыста да тоғызыншы орынмен шектелген еді.

Сол себепті 77 келіге қайта оралуы балуанның алдағы халықаралық маусымдағы жоспары үшін маңызды қадам болуы ықтимал.

Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының тағы бір көшбасшысы Айдос Сұлтанғали де жартылай финалда дәл осындай 8:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты.