Әлімханұлымен жұдырықтасудан бас тартқан Хамза Шираз WBO чемпионв атанды

Жекпе-жек шолушысы

Египеттің Гиза қаласында британиялық боксшы Хамза Шираз бен неміс Алем Бегич кездесті.

Бегичке қарсы титулдық жекпе-жек

Алем Бегич бокс әлемінде аса танымал есімдердің қатарына жатпайды. Ол мансабындағы көп жекпе-жегін Германия мен Австрияда өткізіп, негізінен орта деңгейдегі қарсыластармен кездескен. Соңғы рет рингке өткен жылдың сәуірінде Кицбюэль қаласында шығып, ауғанстандық Махди Сафдариді жеңген және WBO European белбеуін иеленген еді.

Жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Екінші раундта Хамза Шираз қарсыласын ауыр соққымен ринг еденіне құлатты. Бегич төрешінің "онға" дейінгі есебінде орнынан тұра алмады.

Осылайша рефери нокаут тіркеп, Хамза Шираздың жеңісін жариялады. Ол WBO нұсқасы бойынша суперорта салмақта әлем чемпионы атанды. 

Шираз бұған дейін Әлімханұлымен кездесуі мүмкін еді

2024 жылы Дүниежүзілік бокс ұйымы Хамза Ширазды орта салмақтағы міндетті үміткер деп таныған. Ол кезде бұл дивизиондағы чемпиондық белбеу Жәнібек Әлімханұлына тиесілі еді.

Тараптар бірнеше рет келіссөз жүргізуге тиіс болды, тіпті промоутерлік сауда да белгіленген. Бірақ соңында Шираз қазақ чемпионвмен жекпе-жектен бас тартып, доминикандық Карлос Адамеспен кездесуді таңдады.

Адамеспен тең түскеннен кейін салмақ ауыстырды

Карлос Адамеске қарсы жекпе-жек тең нәтижемен аяқталды. Дегенмен көптеген сарапшы бұл шешімді даулы деп бағалады. Олардың пікірінше, Адамес рингте айқын басымдық танытқан.

Осы кездесуден кейін Хамза Шираз салмақ дәрежесін ауыстырып, суперорта салмаққа көтерілді. Жаңа дивизиондағы алғашқы айқасында ол пуэрторикалық Эдгар Берланганы бесінші раундта нокаутқа түсірді.