Сабыржан Аққалықов жаңа салмақтағы бәсекелестік туралы айтты

Бокс шолушысы

Аққалықов бұған дейін 80 келіге дейінгі салмаққа ауысқанын растаған еді.

Сабыржан Аққалықов жаңа салмақтағы бәсекелестік туралы айтты
olympic.kz

Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов 80 келіге дейінгі жаңа салмақ дәрежесіндегі бәсекеге қатысты пікір білдірді. Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында ол бұл дивизионда мықты қарсыластар көп екенін атап өтті.

"Бұл салмақта бәсеке өте жоғары"

Сабыржан Аққалықовтың айтуынша, жаңа салмақта тәжірибелі және қауіпті боксшылар жеткілікті. Сондықтан әр жекпе-жекке ерекше дайындық қажет.

"80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазір бәсеке өте жоғары. Мықты әрі тәжірибелі боксшылар көп. Әрине, біз негізгі қарсыластарды мұқият бақылап, олардың стилі мен мықты тұстарын зерттеп жүрміз. Бірақ біреуді жеке бөліп айтқым келмейді. Мұндай деңгейде әр жекпе-жек оңай болмайды. Қазір мен үшін ең бастысы — өз дайындығыма көңіл бөліп, рингте максимум көрсету", — деді боксшы.

Аққалықов соңғы жылдары тұрақты нәтиже көрсетіп жүр

Сабыржан Аққалықов соңғы кезеңде халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерімен көзге түсті. 2026 жылдың сәуірінде ол Азия чемпионы атанды.

Бұған дейін, 2025 жылдың желтоқсанында IBA әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған. Ал 2025 жылдың шілдесінде Астанада өткен Әлем кубогында алтын жүлдеге қол жеткізді.