Болат Заманбеков Naiza 83 турнирінде чемпиондық белбеуін сақтап қалды

Бокс шолушысы

Алматыдағы Naiza 83 турнирінің басты жекпе-жегінде Болат Заманбеков қарсыласы Еламан Саясатов дисквалификация алғаннан кейін жеңіл салмақтағы чемпиондық титулын қорғап қалды.

Саясатов екінші раундта басымдық алған еді

Жекпе-жектің екінші раундында Еламан Саясатов қарсыласынан белсендірек көрінді. Ол тік тұрыста бірнеше дәл соққы жасап, кейін Заманбековті партерге түсірді. Сол сәтте Саясатов жоғарыдан шабуылын үдетіп, бірқатар соққы бағыттады.

Бірақ шабуыл кезінде Еламан Заманбековтің басына тіземен соққы жасады. Бұл кезде чемпионның бір қолы октагон төсенішіне тиіп тұрған. Ереже бойынша мұндай жағдайда қарсыластың басына тіземен соққы жасауға тыйым салынады.

Төрешілер Саясатовты дисквалификациялады

Рефери бірден жекпе-жекті тоқтатты. Үзілістен кейін Заманбеков өз бұрышымен кеңесіп, айқасты жалғастырудан бас тартты. Төрешілер соққыны заңсыз деп танып, Еламан Саясатовты жарыстан шеттетті.

Осы шешімнің нәтижесінде Болат Заманбеков чемпиондық белбеуін сақтап қалды.

Қосалқы басты жекпе-жекте не болды?

Кештің қосалқы басты айқасында тәжікстандық Джума Давлатмамадов қазақстандық Әсет Анарбаевты нокаутпен жеңді. Бұл кездесу Naiza лигасының жеңіл салмақтағы "уақытша" чемпионы атағы үшін өтті.

Анарбаевтың кәсіби рекорды енді 8 жеңіс, 2 жеңіліс болып өзгерді.