Қазақстандық балуан Майис Әлиев Азияның екі дүркін чемпионы атанды
Еркін күрес шебері Майис Әлиев жастар арасындағы Азия біріншілігінде алтын медаль жеңіп алды.
Финалдағы тартысты жеңіс
Вьетнамның Дананг қаласында еркін күрестен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына кезекті алтын медаль түсті. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Майис Әлиев финалда қырғызстандық Залкарбек Табалдиевпен белдесті.
Шешуші кездесуде қос балуан жанкүйерлерге нағыз тартысты айқас сыйлады. Белдесу соңына дейін шиеленісті өтті. Бірақ қазақстандық боз кілем шебері шешуші сәттерде басымдық танытып, қарсыласын 10:8 есебімен жеңді.

Осылайша Майис Әлиев жастар арасындағы Азия чемпионатында екінші мәрте алтыннан алқа тақты.
Қарсыласы осал болған жоқ
Айта кетейік, финалдағы қарсыласы Залкарбек Табалдиев — 2025 жылғы 20 жасқа дейінгі Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сондықтан бұл кездесу Әлиев үшін оңай өткен жоқ.
Ал Майис Әлиев бұған дейін де құрлықтық додада чемпион атанып, Азия кілемінде өзінің жоғары деңгейін көрсеткен болатын.
Қазақстандық балуан финалға дейін де сенімді өнер көрсетті. Жартылай финалда Моңғолия өкілі Анх Эрдэнэ Алтангэрэлді 4:1 есебімен ұтты. Ширек финалда иорданиялық Заид Меслахтан басым түсті.
Отандық күрестің жаңа жұлдызы
Майис Әлиев бүгінде Қазақстан еркін күресінің үміт күттіретін спортшыларының бірі саналады. 2026 жылдың ақпанында Тиранадағы беделді халықаралық турнирде Маңғыстау өңірінің өкілі Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Дудаевты жеңіп, мамандар назарын аудартқан.
Сонымен қатар Майис Әлиев жақында Алматыда Қазақстан кубогы-2026 жарысында жеңімпаз атанған.