Ертуған Зейнуллинов Азия ойындарына қатысу мүмкіндігінен айырылды
Қазақстандық боксшы Түркістандағы оқу-жаттығу жиыны туралы айтып, Қытайдың Гуян қаласында өтетін World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңіне қатыспайтынын мәлімдеді.
Түркістандағы оқу-жаттығу жиыны қалай өтіп жатыр?
Ертуған Зейнуллиновтың айтуынша, Түркістандағы бірлескен оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстандық боксшылар Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Әзербайжан құрамаларымен бірге дайындалып жатыр.
Боксшы мұндай спаррингтердің үлкен тәжірибе екенін атап өтті.
“Бірлескен оқу-жаттығу жиыны жақсы деңгейде өтіп жатыр. Біз Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Әзербайжан боксшыларымен бірге дайындалып жатырмыз. Спаррингтер бәріміз үшін үлкен тәжірибе береді”, — деді Зейнуллинов.
Басты мақсат — Қазақстан чемпионаты
Зейнуллинов алдағы негізгі жарыс ретінде Қазақстан чемпионатын атады. Оның сөзінше, 65 келіге дейінгі салмақта ел ішінде бәсеке өте жоғары.
“Алдағы басты турнир — Қазақстан чемпионаты. Қазір соған дайындалып жатырмыз. 65 келіге дейінгі салмақта елімізде бәсеке өте мықты. Бұл салмақта қарсылас көп, сондықтан шынымен ең мықтылар жеңеді деп ойлаймын”, — деді боксшы.
Қытайдағы Әлем кубогына қатыспайды
Қытайдың Гуян қаласында өтетін World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңінде Ертуған Зейнуллинов шаршы алаңға шықпайды. Боксшы бұл турнирге оның орнына басқа біреу баратынын жеткізді.
Ертуған Зейнуллинов 65 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының жетекші боксшыларының бірі саналады.
Оның басты жетістіктері:
- 2025 жылы Дубайда өткен IBA әлем чемпионатының қола жүлдегері;
- 2026 жылы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері;
- Қазақстан чемпионатының екі дүркін жеңімпазы;
- 2025 жылы Болгариядағы беделді «Странджа» турнирінің чемпионы.
2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарының бағдарламасынан 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Ертуған Зейнуллинов дәл осы салмақта өнер көрсететіндіктен Азиада-2026 додасына қатысу мүмкіндігінен айырылды.