Ақ үйдегі UFC турнирін миллиардтан астам көрермен тамашалайды

Бокс шолушысы

UFC Freedom 250 турнирі, яғни жанкүйерлер арасында UFC White House деген атаумен белгілі тарихи кеш әлемдік спорттағы ең көп қаралған оқиғалардың біріне айналуы мүмкін.

Ақ үйдегі UFC турнирін миллиардтан астам көрермен тамашалайды
time.com

Ұйымдастырушылар тарихи рекорд күтеді

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен UFC президенті Дана Уайттың айтуынша, бұл турнирді дүниежүзі бойынша бір миллиардтан астам көрермен көруі ықтимал. Алдағы UFC кеші тек аралас жекпе-жек әлемі үшін емес, жалпы спорт индустриясы үшін де ерекше оқиға болмақ. Ұйымдастырушылардың болжамынша, турнир көрермен саны жағынан тарихтағы ең ірі спорттық трансляциялардың қатарына енуі мүмкін.

Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалын шамамен 1,5 миллиард адам тамашалаған. 1969 жылы адамның Айға қонуын 650 миллион көрермен көрсе, Super Bowl LX ойынын 126 миллион, ал Джейк Пол мен Майк Тайсон арасындағы жекпе-жекті 108 миллион адам қараған.

UFC Freedom 250 қашан және қайда өтеді?

Тарихи турнир 2026 жылдың 14 маусымында Вашингтондағы Ақ үйдің Оңтүстік көгалында өтеді деп жоспарланған.

Бұл іс-шара АҚШ Тәуелсіздік декларациясына қол қойылғанына 250 жыл толуына орай ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ бұл – кәсіби аралас жекпе-жек турнирінің Ақ үй аумағында алғаш рет өткізілуі ретінде тарихта қалатын оқиға.

Кештің басты жекпе-жектері белгілі болды

UFC Freedom 250 турнирінің басты айқасында жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Илия Топурия мен америкалық файтер Джастин Гейджи кездеседі.

Ал кештің екінші басты жекпе-жегінде бұрынғы UFC чемпионы Алекс Перейра мен франциялық Сирил Ган ауыр салмақтағы уақытша чемпиондық белбеу үшін октагонға шығады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирді аренада шамамен 4 мың арнайы шақырылған қонақ тамашалайды. Сонымен қатар Ақ үй маңында жанкүйерлерге арналған арнайы фан-аймақ жұмыс істеп, онда ондаған мың адам тікелей трансляцияны көре алады.