Айбек Оралбай неміс чемпионын ойсырата жеңіп, Қазақстанға бесінші алтын әкелді (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Қазақ боксшысы Қытайдың Гуйян қаласында World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогының екінші кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.

Айбек Оралбай неміс чемпионын ойсырата жеңіп, Қазақстанға бесінші алтын әкелді (ВИДЕО)
Instagram/@boxingkazakhstan

Финалда мықты қарсыласпен жұдырықтасты

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен әлем чемпионы және Азияның үш дүркін чемпионы Айбек Оралбай финалда германиялық Никита Путиловпен кездесті. Путилов — Еуропаның екі дүркін чемпионы, сондай-ақ Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жүлдегері.

Айбек Оралбай бұл жолы да қарсыласынан шеберлігін асырды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандыққа берді.

Айта кетейік, Оралбай мен Путилов бұған дейін де кездескен. 2025 жылы Астанадағы Әлем кубогының финалында неміс боксшысын жеңген. 

Қазақстан құрамасының бесінші алтыны

Айбек Оралбайдың жеңісі Қазақстан құрамасына Қытайдағы Әлем кубогы кезеңіндегі бесінші алтын медаль әкелді.

Бұған дейін 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай өзбекстандық боксшыны жеңіп, ел қоржынына төртінші алтынды салған. 

Бұған дейін кімдер чемпион атанды?

Таңғы бағдарламада Қазақстан құрамасының үш өкілі алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, Назым Қызайбай 54 келіде, Виктория Графеева 60 келіде және Абылайхан Жүсіпов 70 келіде топ жарды.

Сонымен қатар бірнеше қазақстандық боксшы Әлем кубогы кезеңін қола медальмен аяқтады. Олардың қатарында 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева, 80 келіге дейінгі салмақта Валерия Аксенова және 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова бар