Елеусінов қамауға алынғаннан кейін менеджері күтпеген мәлімдеме жасады

Футбол шолушысы

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Алиев Астанада болған оқиғадан кейін боксшыға қатысты пікір айтты.

Елеусінов қамауға алынғаннан кейін менеджері күтпеген мәлімдеме жасады
instagram.com/yeleussinovdaniyar/

Майамиге ұшуы керек болған

Зия Алиевтің сөзінше, Данияр Елеусінов жақын күндері АҚШ-тың Майамиге барып, келесі жекпе-жегіне дайындықты бастауы тиіс болған. Менеджер тамыз айында қазақстандық боксшының Zuffa Boxing промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын турнирде жұдырықтасуы жоспарланғанын айтты.

“Біз оның жақын уақытта Майамиге ұшып келуін күткен едік. Себебі оған келесі жекпе-жекке дайындықты бастау қажет болатын. Тамыз айында Zuffa Boxing турнирінде жекпе-жек өткізуі жоспарланған еді. Жалпы бұл ұйымдағы дебюті әртүрлі себептермен кейінге шегеріліп келген”, – деді Алиев.

Менеджердің айтуынша, ең бастысы – оқиға салдарынан адам шығыны болмаған. Сонымен қатар Данияр Елеусіновтің соңғы уақытта жеке өмірінде қиындықтарға тап болғанын меңзеді.

“Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Сөйлесеміз. Кейде отбасында қиындықтар болса, басқа нәрсеге көңіл бөлу өте қиын. Қыста да оның қатты күйзеліске түскен кезеңі болған. Біз одан бас тартуды жоспарлап отырғанымыз жоқ. Бұл – өмір, әртүрлі жағдай болады. Әр суперменнің өз криптониті бар, Данияр үшін ол – отбасы”, – деді менеджер.

Сот қандай шешім шығарды?

Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, Данияр Елеусінов әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Сот шешімі бойынша Олимпиада чемпионы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Сотта айтылған дерекке сәйкес, Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, үш жол-көлік оқиғасына себеп болған. Сот отырысында боксшының өз кінәсін мойындағаны хабарланды.

Оқиға Астанада болған. Бұған дейін Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше жол апатына қатысқаны туралы ақпарат тараған. Кейін көлік тізгінінде Данияр Елеусінов болғаны белгілі болды.