Қазақстандық екі боксшы жастар арасындағы Азия чемпионатында жүлдеге ілікті (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Джакартада бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында 23 жасқа дейінгі боксшылардың ширек финалдық жекпе-жектері басталды.

Қазақстандық екі боксшы жастар арасындағы Азия чемпионатында жүлдеге ілікті (ВИДЕО)
instagram.com/boxingkazakhstan/

Нұрзат Оңғаров жапониялыққа есе жіберді

50 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Нұрзат Оңғаров жапониялық Даити Иваимен кездесті.

Тартысты өткен жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті жапониялыққа берді. Есеп – 3:2. Осылайша Оңғаров Азия чемпионатындағы өнерін ширек финалда аяқтады.

Бексұлтан Боранбек жартылай финалға сенімді шықты

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Бексұлтан Боранбек оңтүстіккореялық Уджу Чонға қарсы рингке көтерілді.

Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында айқын басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл нәтиже Бексұлтан Боранбекке жартылай финал жолдамасын және кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.

Нұрасыл Төлебек қырғызстандық қарсыласын жеңді

60 келіге дейінгі салмақта Нұрасыл Төлебек қырғызстандық Амантұр Жұмаевпен кездесті.

Ширек финалдық бәсеке қазақстандықтың пайдасына аяқталды. Төрешілер Нұрасыл Төлебектің жеңісін 4:1 есебімен тіркеді.

Осылайша ол да Азия чемпионатының жартылай финалына өтіп, Қазақстан құрамасының қоржынына кемінде қола медаль салды. 

Асылхан Көшербай үндістандық қарсыласынан ұтылды

65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Асылхан Көшербай жартылай финал жолдамасы үшін үндістандық Ваншаджбен жұдырықтасты.

Жекпе-жек қорытындысында төрешілер 4:1 есебімен үндістандық боксшыны жеңімпаз деп таныды. Нәтижесінде Асылхан Көшербай жарысты ширек финалда аяқтады.

Азия чемпионатында жартылай финалға шыққан боксшылар кемінде қола медаль иеленеді. Джакартадағы жастар арасындағы құрлық біріншілігі 16 шілдеге дейін жалғасады.