Нұрбек Мұрсал чемпиондыққа тағы бір қадам жасады (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық боксшы Нұрбек Мұрсал Джакартада жастар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Нұрбек Мұрсал чемпиондыққа тағы бір қадам жасады (ВИДЕО)
vesti.kz

Нұрбек Мұрсал жекпе-жекті сәтті бастады

Кездесудің алғашқы раундында қазақстандық боксшы белсенді қимылдап, қарсыласына қарағанда дәл әрі нәтижелі соққылар жасады. Төрешілердің төртеуі бірінші үш минуттықты Нұрбектің пайдасына бағалады – 4:1.

Екінші раундта да Мұрсал басымдығын сақтап қалды. Бұл кезең де 4:1 есебімен қазақстандықтың пайдасына аяқталды.

Шешуші раунд алдында Нұрбек Мұрсал үш төрешінің хаттамасында 20:18 есебімен алда тұрды. Соңғы үш минутта тактикалық тұрғыдан сауатты жұдырықтасып, қол жеткізген басымдығын сақтап қалды.

Жекпе-жек қорытындысында төрешілер жеңісті Нұрбек Мұрсалға берді. Бағалар: 30:27, 30:27, 30:27, 29:28 және 28:29.

Осылайша қазақстандық боксшы төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетіп, Азия чемпионатының жартылай финалына өтті.

Кемінде қола жүлде еншіледі

Жартылай финалға шығу арқылы Нұрбек Мұрсал жастар арасындағы Азия чемпионатының кемінде қола медалін иеленді.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы былтырғы құрлық біріншілігінің финалына дейін жеткен. Ол шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Мұхаммадазизбек Исмоиловқа төрешілердің даулы шешімімен есе жіберіп, күміс жүлдегер атанған еді.

Жастар арасындағы Азия чемпионаты Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатыр. Турнирде U-19 және U-23 жас санатындағы жігіттер мен қыздар сынға түсуде.

Биылғы жарысқа 330-ға жуық боксшы қатысып жатыр. Азия біріншілігі World Boxing ұйымына қарасты Asian Boxing федерациясының ұйымдастыруымен екінші рет өткізілуде. Алғашқы турнир 2025 жылдың тамызында Бангкокта өткен.