Қытайлық қазақ UFC-де тағы бір айқасқа шықпақ
Этникалық қазақ Тайлақ Нұражы UFC-дегі екінші жекпе-жегіне дайындалып жатыр.
Әлемдегі ең беделді ММА ұйымы UFC-де өнер көрсететін Тайлақ Нұражының келесі қарсыласы белгілі болды. Қытай атынан шығатын этникалық қазақ спортшысы былтырғы жарқын дебютінен кейін октагонға қайта оралады.
Тайлақ Нұражы 28 тамыз күні Шанхайда UFC турнирінде америкалық Дарриус Флауэрспен кездеседі.
Флауэрстің кәсіби рекорды — 13 жеңіс және 8 жеңіліс. Ол UFC-де тәжірибесі бар спортшылардың бірі саналады.
UFC-дегі сәтті дебют
Нұражы UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін былтыр өткізді. Шанхайдағы Fight Night турнирінде ол Кифер Кросбиді бір жарым минуттың ішінде нокаутқа түсіріп, жанкүйерлерді таңғалдырған.
Тайлақ Нұражының кәсіби ММА-дағы көрсеткіші — 13 жеңіс және 1 жеңіліс.
Айта кетейік, Тайлақ Нұражы 2024 жылы Қазақстандағы Naiza промоушенінде де жекпе-жек өткізді. Ақпан айындағы турнирде ол Дуглас Рибейроны техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңген болатын.