Боксшыларымыз Олимпиада лицензиясы үшін бес елде жұдырықтасады

Футбол шолушысы

World Boxing ұйымы Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлерін қабылдайтын елдерді бекітті.

Боксшыларымыз Олимпиада лицензиясы үшін бес елде жұдырықтасады
instagram.com/boxingkazakhstan/

Олимпиадалық іріктеу турнирлерінің өтетін орындары анықталды

Шотландияның Глазго қаласында World Boxing атқарушы комитетінің отырысы өтіп, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарын ұйымдастыратын мемлекеттер белгілі болды.

Ұйымның баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, құрлықтық лицензиялық турнирлер 2027 жылы әлемнің бес аймағында өтеді.

Құрлықтық іріктеу турнирлерін қабылдайтын елдер:

  • Америка аймағы – АҚШ;
  • Азия аймағы – Қытай;
  • Еуропа аймағы – Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Еуропа ойындары;
  • Мұхит аралдары аймағы – Самоа;
  • Африка аймағы – Нигерия.

Осылайша Қазақстан боксшылары Азия құрлығының лицензиялық турнирінде Қытайда өнер көрсетуі мүмкін.

Әлемдік екі іріктеу турнирі өтеді

World Boxing 2028 жылы ұйымдастырылатын екі әлемдік лицензиялық жарыстың өтетін орындарын да атады. Бірінші әлемдік іріктеу турнирі Италияда өтсе, екінші жарысты Венгрия қабылдайды. Бұл сындар құрлықтық кезеңдерде Олимпиада жолдамасын жеңіп ала алмаған боксшыларға қосымша мүмкіндік береді.

Жарыстардың нақты мерзімі мен ұйымдастыруға қатысты өзге мәліметтер кейінірек жарияланады.

Алғашқы лицензиялық мүмкіндік Астанада болады

2028 жылғы Олимпиадаға іріктеу кезеңінің алғашқы маңызды жарысы – World Boxing ұйымының 2027 жылғы әлем чемпионаты.

Бұл дода Қазақстан астанасында өтеді. Сондықтан ұлттық құрама боксшылары өз жанкүйерлерінің алдында Лос-Анджелес Олимпиадасының алғашқы жолдамалары үшін күресуге мүмкіндік алады.