Төрехан Сабырхан мексикалық мықтымен жұдырықтасты (ВИДЕО)
Қазақстан құрамасының боксшысы Лос-Анджелестегі оқу-жаттығу жиыны кезінде тәжірибелі мексикалық Элиас Эспадаспен спарринг өткізді.
Тәжірибелі мексикалықпен жұдырықтасты
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан ұлттық құраманың АҚШ-тағы жаттығу жиыны аясында Элиас Эспадаспен қолғап түйістірді.
Мексикалық боксшы кәсіпқой рингте 33 жекпе-жек өткізіп, 23 рет жеңіске жеткен. Оның 16 жеңісі нокаутпен аяқталған. Сонымен қатар Эспадастың тоғыз жеңілісі және бір тең нәтижесі бар.
Төрехан Сабырханның бапкері Ілияс Оралбеков спаррингтен үзінді бейнені әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Жылдам соққылармен жауап берді
Бейнежазбада Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі тәжірибелі мексикалықтан сескенбей, жоғары қарқынмен жұмыс істегенін көруге болады.
Төрехан қарсыласының әр шабуылына дәл әрі жылдам соққылармен жауап қайтарып, рингте белсенді қимылдаған.
"Садриддин Ахметовпен тең түскен боксшымен спарринг өткізіп жатыр", – деп жазды Ілияс Оралбеков.
Эспадас Садриддин Ахметовтың жеңісті сериясын тоқтатқан
2025 жылы 20 сәуірде Садриддин Ахметов пен Элиас Эспадас АҚШ-тың Калифорния штатындағы Коммерс қаласында 360 Promotions бокс кешінде кездесті.
Төрешілер жекпе-жекті тең нәтижемен аяқталған деп бағалады. Бұл жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай болды.
Аталған кездесу Садриддин Ахметовтың кәсіпқой мансабындағы алғашқы тең нәтиже ретінде тіркелді. Сонымен қатар қазақстандық нокаутшының қатарынан 15 жеңістен тұратын сериясы тоқтады.
Қазақстан құрамасы Фредди Роучтың залында жаттықты
Бокстан Қазақстан құрамасының Лос-Анджелестегі спаррингтері әйгілі Wild Card Boxing Club залында өтіп жатыр.
Жаттығу барысын залдың иесі әрі аты аңызға айналған америкалық маман Фредди Роуч бақылаған. Танымал бапкер Қазақстан құрамасының көшбасшыларымен жеке жұмыс істеп, олардың соққы техникасын лапада тексерді.