Қазақстанның үш дүркін чемпионы кәсіпқой бокста алғаш рет жеңілді
Әділет Құрметов Ресейдің Набережные Челны қаласындағы IBA.PRO 20 кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шықты.
Ресейлік чемпионға есе жіберді
Қазақстандық боксшының қарсыласы 2024 жылғы Ресей чемпионы татарстандық Амин Абдуллин болды. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жек толық дистанцияға созылды. Кездесу қорытындысында төрешілер бірауыздан ресейлікті жеңімпаз деп таныды.
Сөйтіп Әділет Құрметовтың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші 4 жеңіс, 1 жеңіліс және 1 нокаутқа өзгерді. Ал Амин Абдуллин кәсіпқой рингтегі үшінші жеңісіне жетті.
Әуесқой бокста үш дүркін ел чемпионы
Өскеменнің тумасы Әділет Құрметов әуесқой бокста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел чемпионатын үш рет жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Спартакиадасының екі дүркін финалисі атанып, 2017 жылы Гамбургтегі әлем чемпионатына қатысқан.
Құрметов 2026 жылдың шілде айында Екатеринбургте ұйымдастырылған RCC HARD промоушенінің “One Round” іріктеу Гран-приіне қатысты. Турнир барысында үш жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда Ұлқан “Үндіс” Шодибековты нокаутқа түсірді. Нәтижесінде Құрметов жарыс чемпионы атанып, Ресейдегі танымал жұдырықтасу лигасы RCC HARD-пен ресми келісімшартқа ие болды.
Әділет Құрметовтың RCC HARD лигасындағы алғашқы жекпе-жегі 2026 жылдың қыркүйек айының басында Челябіде өтеді деп жоспарланған.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.