Данияр Елеусіновтің жекпе-жегі өтпейтін болды
Олимпиада чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің 28 ақпан күні Астанада өтуі тиіс болған жекпе-жегі күтпеген жағдайға байланысты өтпейтін болды.
Промоутерлік компания All Stars Boxing Instagram желісінде Данияр Елеусіновтің денсаулық жағдайына байланысты жекпе-жекке қатыса алмайтынын ресми түрде мәлімдеді:
"Өкінішке қарай, Данияр Елеусінов турнирде өнер көрсете алмайды. Алайда кештің басты оқиғасы – Али Ахмедов пен Мацей Сулецки арасындағы WBC Silver белбеуі үшін айқас өз күшінде қалады."
Турнирдің басты жекпе-жегі
Кәсіпқой бокс кешіндегі басты айқас екінші орта салмақтағы WBC Silver белбеуі үшін өтеді. Бұл жекпе-жекте қазақстандық Али Ахмедов пен поляк боксшысы Мацей Сулецки күш сынасады.
Данияр Елеусіновтің соңғы жекпе-жегі
Айта кетейік, Данияр Елеусінов соңғы рет 2024 жылдың 28 қыркүйегінде Алматыда рингке шыққан болатын. Ол Филиппин боксшысы Джое Нойнаейді (23-5-2, 11 KO) бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, сенімді жеңіске жеткен еді.