
Қазақстандық танымал ММА жекпе-жек шебері Қуат Хамитов пен ресейлік Мариф Пираев арасындағы реванш қайтадан тоқтатылды. Бұл жекпе-жек 28 ақпан күні Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде өтуі тиіс еді.
Промоутерлік ұйымның ресми мәліметіне сәйкес, жекпе-жектің өтпеуіне промоушенге қатысы жоқ себептер әсер еткен. Бұл туралы All Stars Boxing Instagram желісінде жариялады:
"Қуат Хамитов пен Мариф Пираев арасындағы жекпе-жек ұйымдастырушы тарапқа байланысты емес себептерге байланысты өтпейтін болды. Кештің басты айқасы – Али Ахмедов пен Мацей Сулецки арасындағы WBC Silver белбеуі үшін өтетін жекпе-жек."
Қуат Хамитовтың өзі де бұл ақпаратты әлеуметтік желілерінде бөлісіп, кездесудің болмайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Қуат Хамитов пен Мариф Пираев алғашында 27 желтоқсанда Алматыда кездесуі тиіс еді. Бірақ сол кезде қазақстандық файтер денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартқан болатын.