Реклама
Реклама

Қазақстанда Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім қабылданды

Сарапшы, спорт журналисі
26.02.2026, 14:04

Еліміздің кәсіпқой бокс федерациясы "Қазақ стилін" жекпе-жектен белгілі уақытқа шеттетті.

Жәнібек Әлімханұлы. Фото: Getty Images

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы (ҚКБФ) орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын алты айға жекпе-жектерден шеттетті.

Boxingscene.com порталының хабарлауынша, ҚКБФ президенті Рахимжан Ерденбеков дисквалификация мерзімі допинг-сынамадағы қолайсыз нәтиже тіркелген күннен — 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептелетінін мәлімдеген. Сол кезде боксшының сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған.

Дәрінің ағзаға түсу себебі

Федерацияның қорытынды есебінде (құжаты BoxingScene иелігінде бар) тыйым салынған зат Жәнібектің ағзасына 2025 жылғы 7 мамырда Алматы қаласындағы клиникалардың бірінде шұғыл медициналық көмек алу барысында түскені көрсетілген.

Медициналық есепте спортшыда қатты бас ауруы, жүрек айну мен құсу, бас айналу, уақытша екіжақты көрудің бұзылуы, аяқ-қолдың ұюы және кеуде тұсының қысылуы сияқты белгілер тіркелген.

Қорытынды диагноз — вертебробазилярлық жеткіліксіздік салдарынан болған транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИА). Дәрігерлер бұл жағдайды шұғыл емдеуді талап ететін диагноз деп танып, бірқатар дәрілік препараттарды тағайындаған.

Солардың қатарында Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген, алайда құрамында мельдоний бар "Рипронат" препараты да болған.

Федерация есебінде:

'Рипронат (мельдоний) препаратын қолдану медициналық көрсеткіштерге сәйкес, шұғыл әрі кәсіби негізде жүзеге асырылды. Комиссияға ұсынылған құжаттар түпнұсқа, толық және ұлттық медициналық тіркеу жүйесі арқылы тексеріле алады", — деп жазылған.

Диксвалификация жасаған комиссия жайлы

Сондай-ақ Әлімханұлы "рипонат" атауы оған халықаралық деңгейде өзге атаулармен (мысалы, милдронат) белгілі мельдониймен байланыстыруға мүмкіндік бермегенін айтқан.

Осы түсініктемені ескерген сегіз адамнан құралған комиссия боксшы "ең төменгі деңгейдегі абайсыздыққа жол берді" деген шешімге келіп, оны 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап алты айға кәсіби бокстан шеттетуге бірауыздан дауыс берген.

Бұл шешімге сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы кем дегенде 2026 жылғы 2 маусымға дейін жекпе-жек өткізе алмайды. Сондай-ақ ол мансабын жалғастыру үшін өз қаражаты есебінен қосымша тексерістен өтіп, "таза" допинг-сынама тапсыруы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін WBO ұйымы өз үкімін шығарып, Әлімханұлын бір жылға — 2 желтоқсанға дейін — дисквалификациялаған және оралған соң уақытша чемпионмен жекпе-жек өткізу міндетін жүктеген. Ал IBF әзірге бұл іске қатысты ресми шешім жариялаған жоқ.

Реклама
Реклама