
Ел билігі Ыстамбұлдағы трассаны 2026 жылдан бастап күнтізбеге енгізуге күш салып жатыр.
Формула-1 жарыстары Түркияға қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы елдің автоспорт федерациясының президенті Эрен Үчлертопрағы мәлімдеді. Оның айтуынша, Ыстамбұлдағы халықаралық автодром 2026 жылдан бастап Гран При қабылдауға дайын.
«Түркияны Формула-1 күнтізбесіне қайтару – үкіметтің нақты мақсаты. Біз ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізгіміз келеді», – деді Үчлертопрағы жергілікті басылымдарға берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ 2026 жылғы жарыс күнтізбесі толығымен бекітілгенін, алайда егер қандай да бір ел жарыстан бас тартса, Түркия сол орынға дайын екенін атап өтті.
«Біз пандемия кезіндегідей уақытша жарыс өткізуді қаламаймыз. Бұл жолы тұрақты орын алуға ұмтыламыз. Жарысты ұйымдастыруға қажетті барлық төлем мен рәсімдер үкімет кепілдігімен жүзеге асады», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Түркия соңғы рет Формула-1 жарысын 2020 және 2021 жылдары қабылдаған. Ыстамбұл трассасы пилоттар мен жанкүйерлер арасында жоғары бағаланады. Сондықтан ел үкіметі бұл жобаны ұзақ мерзімді ұлттық мақсат ретінде қарастырып отыр.