
McLaren командасы алдағы уик-эндте Бакудегі Гран-приге барынша дайын. Өткен маусымда жеңіске жеткен Оскар Пиастри тарихи сәтті қайталауға ұмтылса, командаласы Ландо Норрис те жүлделі орыннан дәмелі. Бұған қоса, дәл осы кезеңде McLaren Конструкторлар кубогын мерзімінен бұрын иеленуі мүмкін.
Формула-1 жанкүйерлері асыға күткен Әзербайжан Гран-приі қарсаңында McLaren пилоттары амбициясын жасырмай отыр.
Оскар Пиастри өткен жылы Бакуде бірінші болып мәре сызығын кесіп, карьерасындағы ең жарқын жеңістердің бірін тойлаған. Қазір ол жеке есепте көш бастап тұр:
«Бұл трасса маған тек жақсы естеліктер сыйлайды. Өткен жылғыдай нәтиже көрсеткім келеді. Менің жалғыз мақсатым – қайтадан жеңіске жету», – дейді австралиялық.
Ландо Норрис болса, командаласын қолдап қана қоймай, өзі де жоғары орын үшін таласпақ:
«Бакуге қайта оралуды тағатсыздана күтіп жүрмін. Қаладағы трассалар әрқашан ерекше сынақ, сондықтан бар күшімді салып дайындалдым. Уокинг базасында ұзақ уақыт жұмыс істедім, енді нәтиже көрсетуге әзірмін».
McLaren-нің жетекшісі Андреа Стелла Әзербайжан кезеңінің маңыздылығын атап өтті:
«Баку – техникалық жағынан өте күрделі әрі күтпеген тосынсыйларға толы трасса. Өткен жылы дәл осы жерде біз Конструкторлар кубогында алға шықтық. Қарсылас көп, бірақ біз өз міндетімізге шоғырландық. Команда толық дайын».
McLaren үшін бұл уик-энд шешуші болуы мүмкін. Бір жағынан – Пиастридің жеке лидерлігін сақтап қалу, екінші жағынан – Конструкторлар кубогын мерзімінен бұрын жеңіп алу. Ал Норрис өз жеңісін Бакуде алғаш рет тойлауға тырысады.