Астана қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның бұрынғы төрағасы мен бас мердігерге қатысты үкім шығарды
Сот шешімі бойынша олар «Жақсы – Есіл – Бузулук» автожолын жөндеуге, соның ішінде Есіл өзені арқылы өтетін көпір салуға бөлінген 200 млн теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу нәтижесінде келісімшарттың ережелері бұзылып жасалғаны және бөлінген аванс мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Нәтижесінде жобалық жұмыстар мүлде басталмаған.
Үкімге сай, сотталушылар 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса сот мемлекетке келтірілген залалды өндіруге қаулы етті. Алайда аталған үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2024 жылдың сәуір айында Астанада «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы ұсталған болатын. Ол бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыруға, атап айтқанда мемлекеттік сатып алуды бір көзден негізсіз тағайындау арқылы қаржы ұрлауға күдік келтірілген еді.