Әлемге танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті. Ол қазақ әдебиетінің классигі, ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллиннің "Тау ішінде" атты туындысына түсірілді.
Димаш бейнебаянның премьерасына орай ерекше шығармашылық челлендж жариялады. Әнге түсірілген ең қызықты әрі көп қаралған бейнероликтің авторы қомақты сыйлыққа ие болады. Бұл бастама әнсүйер қауымды шабыттандырып, желіде жаңа контенттердің пайда болуына жол ашты.
Клип жарыққа шыққан сәттен-ақ тыңдармандар тарапынан үлкен қолдау тапты. Әсіресе Димаштың жаңа образындағы көрінісі мен бейнебаянның табиғат аясындағы атмосферасы ерекше мақтауға ие болды. Көпшілік бұл жұмысты дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі деп бағалап жатыр.
Айта кетейік, Димаштың туған інісі де бұл челленджге қатысып, ағасының жаңа жобасына қолдау көрсетті. Бұл қадам Құдайбергендер отбасының шығармашылыққа деген ынтымағын тағы бір дәлелдеді.
Бұған дейін Димаш туған күніне орай жаңа музыкалық бейнебаян ұсынып, оны барлық жанкүйерлеріне арнағанын айтқан болатын. Бұл ән – өнер иесінің тыңдармандарына деген ризашылығы мен құрметінің белгісі.