
Қазақ халқының бай мәдени мұрасын зерттеп жүрген этнограф Баяхмет Жұмабайұлы қазір көпшілікке белгілі "қыз қуу" ойынының түпнұсқалық бейнесінен ауытқығанын алға тартты.
Ол бұл жөнінде Ахметбек Нұрсиланың YouTube жобасына берген сұхбатында айтты.
Баяхмет Жұмабайұлының айтуынша, соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген кейбір этнофестивальдерде "қыз қуу" ойыны бұрмаланған түрде көрсетіліп жүр. Онда жігіт қызды қуып, соңынан қамшы үйіріп жатады. Этнографтың пайымынша, бұл — қазақ дәстүрінде болмаған құбылыс:
"Көне түркі дәстүрінде әйел затына құрмет ерекше болған. Негізгі ойында — қыз жігітті қуады. Қамшыны ақырын ғана басынан, не арқасынан сипай үйіреді. Егер ер адам қызды қуып жүрсе, бұл — ұлттық намысқа қайшы. Бұл ойынның нақты атауы — "қыз қуар". Мұның дәлелі ретінде мыңдаған жыл бұрынғы жартас суреттерін, сақ пен ғұн дәуірінің мұраларын келтіруге болады", — дейді ғалым.
Сұхбат барысында этнограф қазіргі кезде ұлттық нақыштағы ою-өрнектердің бей-берекет қолданылып жүргенін де атап өтті. Оның айтуынша, әрбір оюдың өз орны, өзіндік мәні бар.
"Менің жеке қорымда 500-ге жуық ою-өрнек нұсқасы бар. Соның 300-і нақты сипатталып зерттелген, ал қалғанының атауы болғанымен, мағынасы белгісіз. Ең өкініштісі — бас киімге арналған өрнекті аяқ киімге, сырмақтың өрнегін киімге немесе тұскиізге қолданып жатқандар көбейіп кетті. Бұл — мәдени кодты бұзу", — дейді Баяхмет Жұмабайұлы.