
Ән авторының айтуынша, бұл туынды авторлық құқықпен қорғалған және Қайрат тарапынан еш келісім болмаған.
Белгілі әнші Қайрат Нұртас жас әріптесі Самат Жанғазиннің авторлық әнін ешқандай рұқсатсыз орындап жүргені белгілі болды. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып azattyq-ruhy.kz хабарлады.
Самат Жанғазиннің айтуынша, сөз болып отырған шығарма — «О махаббат, ғажапсың!» әні. Ән авторы туындыны Қайраттың рұқсатсыз орындауын "ұрлық" деп бағалап отыр.
«Ол авторлық құқығы қорғалған әнді ұрлап жазды десе де болады. Сабыр сақтап, сотқа бермедік, сыйлап, әзірге», — деп жазды Самат Жанғазин әлеуметтік желіде.
Желі қолданушылары бұл жағдайға бірден үн қатып, Қайрат Нұртастың әрекетін сынға алды. Кейбірі оны бұрыннан бар үрдіс деп бағаласа, енді бірі ашық айыптады:
«Қайрекең қаз-қалпында, құдды өз әні сияқты соғып жүр»
«Қайрат не болды сонда?»
«Қайрат Нұртастың былай істегені жігітікке жатпайды! Ұят нәрсе!», «Иә, ұрлап алып, автордан рұқсатсыз туындысын меншіктеп алуың, өте өрескелдік, Қайрат!»
«Қайрекең кезінде Нұржасар Байшүкенов деген жігіт орындайтын «Ұмытар емеспін, сен маған керексің…» деп басталатын әнді ұрлап алғаны есімізде»
Бұл жағдай авторлық құқық мәселесінің өнер саласында әлі де өзекті екенін көрсетті. Жанғазин әзірге сотқа жүгінбегенімен, егер жағдай шешілмесе, заңды түрде әрекет етуі мүмкін. Қазақстанда авторлық құқықты бұзу — азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске саламыз.
Айта кетейік, дәл осы кезеңде Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова жүктілігін жария етіп, фотосессия жасағаны да көпшіліктің назарында болды. Сондықтан бұл дау әншінің отбасылық қуанышы аясында күтпеген жерден туындап отыр.