
Әнші денсаулығына байланысты концерттерді кейінге шегеріп, “үнсіздік” кезеңін бастады.
Әнші Төреғали Төреәлі Instagram-да “бәрін тоқтаттым” деп мәлімдеді. Концерттері денсаулығына байланысты кейінге шегерілді.
28 маусым күні Төреғали Төреәлі өз парақшасында қысқа жазба қалдырды:
“Болды. Мен бәрін тоқтаттым. Сахна. Камера. Ән. Жарық. Келесі қадам — үнсіздік”.
Бұл сөздер жанкүйерлер арасында алаңдаушылық туғызды. Себебі жуырда әншінің бірқатар концерттері кейінге шегерілген еді.
Әншінің әкесі Төреәлі Төлепов әлеуметтік желіде ұлының денсаулығы сыр бергенін растап, былай деп жазды:
“Төрештің жағдайына байланысты жоспарланған концерттерді кейінге жылжытуға тура келді. Алла шипасын берсін, тезірек сауығып, сахнаға жарқырап оралуын тілейік”.
Желі қолданушылары Төреғалиге жаппай ізгі лебіздерін жолдап жатыр.
Төреғали Төреәлі бұған дейін де шығармашылықта үзіліс жасап көрген. Алайда бұл жолы “үнсіздік” жай уақытша демалыс қана емес, жеке сауығу мен шығармашылықты қайта пайымдау кезеңі болуы мүмкін.