
Қазақстандық әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергеннің "Love’s Not Over Yet" атты әні алғаш рет Radio Disney Мексика радиостанциясының плейлистіне енгізілді.
Бұл бастаманың негізінде ерекше оқиға жатыр. 2023 жылы Будапешттегі концерттен шабыт алған Димаштың жанкүйері әншінің дауысын Radio Disney эфирінен естуді армандады. Бұл жеке арман халықаралық қозғалысқа ұласып, 30-дан астам елдегі Dears фан-клубтарының қолдауына ие болды.
2024 жылдың қыркүйек айының соңында жанкүйерлер X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісі арқылы #DimashRadioDisney хэштегін әлемдік трендке шығарды.
Трендті байқаған Пачука қаласындағы Radio Disney жүргізушісі Бриссия мен эфир продюсері Эдуардо бұл бастаманы қолдап, Димаштың әнін радиостанцияның ресми плейлистіне қосу туралы ұсыныс жасады. Олар өз ұсыныстарын бағдарламалық бөлімге жолдады.
Жанкүйерлердің белсенділігі мен радио ұжымының қолдауымен “Love’s Not Over Yet” әні бүгінде Мексикадағы барлық Radio Disney станцияларында тұрақты түрде берілуде.
Fan-клуб өкілдері бұл жетістікті үлкен қуанышпен қарсы алды:
“Dimash Kudaibergen Dears Mexico фан-клубы үлкен сүйіспеншілікпен және табандылықпен іске асырған жобаны қуана таныстырамыз — “Love’s Not Over Yet” әні енді Radio Disney Мексика ротациясында. Бұл бастама Аргентина, Уругвай, Перу сынды елдердегі жанкүйерлерге де шабыт сыйлайды деп үміттенеміз”.