
Қазақстан U-22 құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев Таиландқа аттанғалы жатқан боксшыларына ерекше қамқорлық көрсетті. Ол әр спортшысына екі келіден қазы сатып алып, барлығы 40 келі ұлттық тағам дайындап қойған.
“Кеше көтерме бағалар базарында Бақыт аға 40 келі қазы сатып алды. Әр баласына екі келіден алыпты. Таиландқа жолға шығып бара жатқан боксшыларына арналған екен. “Қазыны пісіріп, фольгаға орап ала кетеміз. Олар шетелдің шөбі мен "жабайы" тамағынан әлсіреп қалуы мүмкін”, — деді”, — деп жазды бір сатушы Instagram парақшасында.
Бапкердің бұл шешімі — спортшылардың жат елдегі ағзаға бейімделу мәселесіне алаңдаушылығының нақты көрінісі. Тағам арқылы отан дәмін сезіну, дәстүрлі күш-қуатты сақтау — бұқаралық спортта сирек кездесетін, бірақ өте маңызды қадам.
Қазақстанның U-22 және жастар құрамасы бүгін, 29 шілдеде, Бангкокқа (Таиланд) ұшып кетті. Олар 1–11 тамыз аралығында өтетін World Boxing ұйымы аясындағы Азия чемпионатына алғаш рет қатыспақ.
Бұл дода — тек спортшылар үшін ғана емес, бапкерлер штабы үшін де тарихи сынақ. Ал Бақыт Сәрсекбаевтың қамқорлығы жігіттердің моральдық және физикалық дайындығына тың серпін беретіні анық.