
Қазақстан спортының аңызына айналған дзюдошы Елдос Сметов бүгін өзінің туған күнін атап өтуде. Олимпиада чемпионы, әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген басты спортшылардың бірі – 33 жасқа толды.
Жанкүйерлер үшін Сметов тек татамидегі шеберлігімен ғана емес, елге деген адалдығы және жастарға үлгі боларлық сөзімен де қымбат.
Ол өзінің ресми парақшасында жүрекжарды тілегімен бөлісті:
«Мен шын жүректен елімізде жаңа буын азаматтар өсіп шыққанын қалаймын. Олар бүкіл әлемде құрметке ие болып, Қазақстанның абыройын асқақтатып, мақтанышпен: "Мен – қазақпын" - деп айтсын».
1992 жылы 9 қыркүйекте Жамбыл қаласында дүниеге келген Елдос Сметов бүгінде Қазақстан тарихындағы ең атақты спортшылардың қатарында. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, бірақ өмірін спортқа арнап, елді дүркін-дүркін қуанышқа бөлеп келеді.
Жетістіктер тізімі әсерлі:
Париж Олимпиадасының финалында француз Лука Мхеидзені жеңіп, Сметов Орталық Азия тарихындағы алғашқы дзюдо бойынша Олимпиада чемпионы атанды. Бұл жеңіс оны өңірдегі ең титулды дзюдошыға айналдырды.
Туған күнін атап отырған чемпион мансабын аяқтауға асықпайды. Керісінше, ол Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиадаға дайындалатынын мәлімдеді.
– «Олимпиададан кейін аздап демалдым. Бірақ қазір шешім қабылдадым – келесі Олимпиадаға қатысамын», – деді Сметов Халықаралық дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне.
Әрине, жол оңай болмайды. Маусым айында спортшы Римде иығына операция жасатып, ұзақ оңалту кезеңіне кірісті. Чемпион татамиге қайта шығуды келесі жылдан бастап жоспарлап отыр.
Penalty.kz командасы чемпионды туған күнімен құттықтай отырып, денсаулық, табыс пен жаңа жеңістер тілейді!