Данияр Елеусінов өз жағдайына қатысты шешім қабылдады
2026 жылы Данияр Елеусінов екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, басы дауға қалған еді.
Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов үйінде жеке жаттығу бұрышын жасап, дайындықты тұрақты жалғастыруға шешім қабылдағанын көрсетті.
Спортшы Instagram парақшасында үй жағдайындағы жаттығуынан видео жариялады.
"Жаттығу залы үйде. Енді бірде-бір жаттығуды өткізіп алмаймын", – деп жазды боксшы.
Биыл екі рет әкімшілік қамауға алынды
2026 жылы Данияр Елеусінов екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
9 шілдеде Астанада ол мас күйінде көлік басқарғаннан кейін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылды. Іс материалдарына сәйкес, спортшы паркингте қақпа тіреуіне соғылып, кейін қала көшелерінде тағы бірнеше жол-көлік оқиғасына қатысқан және оқиға орнын тастап кеткен.
25 қыркүйекте Елеусінов Алматы әуежайындағы оқиғадан кейін тағы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Хабарланғандай, ол Астанаға ұшатын рейстен өз еркімен түсіп, перронға шыққан. Осы жағдайдан кейін жолаушылар қауіпсіздік мақсатында қайта тексеруден өткен.