Арман Царукян "Барселонада" ойнайтын қазақ баласымен кездесті
Ресейлік файтер әлеуметтік желідегі парақшасында "Spotify Camp Nou" стадионында жүрген фотоларын жариялады.
UFC файтері Арман Царукян Испанияның "Барселона" клубының базасына барып, қазақстандық жас футболшы Кәрім Меңдіхановпен кездесті.
"Барселона" президенті Жоан Лапорта Царукянға клубтың 11-нөмірлі атаулы жейдесін сыйлады. Өз кезегінде UFC-дің чемпиондық белбеуіне басты үміткерлердің бірі саналатын файтер каталондық клубқа көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
"Жоан Лапорта мен "Барселонаға" жылы қабылдау үшін рақмет! Тарихтағы ең ұлы футбол клубтарының бірінің бір бөлігі болғаныма қуаныштымын", – деп жазды Царукян.
Царукян сапар барысында "Барселона" академиясында жаттығып жүрген Кәрім Меңдіхановпен де жүздесті.
15 жастағы қазақстандық футболшы шілде айында каталондық клубпен үш жылдық келісімшартқа қол қойған еді. Ол бұған дейін Испанияның "Серданьола" және "Сант-Кугат" клубтарында өнер көрсетіп, кейін "Ла Масия" академиясына іріктеуден өтті.