Азиядағы футбол жанкүйерлері кеше күтпеген қуанышқа куә болды. Әзербайжандық «Қарабах» Лиссабонда «Бенфиканы» жеңіп, Чемпиондар лигасындағы ең ірі сенсациялардың бірін жасады.
Тарихи жеңіс. Кеше Әзербайжандық «Қарабах» күтпеген жерден лиссабондық «Бенфиканы» тізе бүктірді. Кездесу алдында «Қарабахқа» ешкім сенбеген. Себебі «Бенфика» былтырғы маусымда Еуропаның мықтыларына қарсы тәу-тәуір ойын өрнегін көрсетіп, Чемпиондар лигасының 1/8 финалына дейін жетті. Құрамы да бірнеше есе қымбат. 335,8 миллион еуроға бағаланған португалдық клубқа қарсы кеше 24,03 миллион еуро тұратын «Қарабах» қарсы шықты.
Букмекерлердің өзі агдамдықтардың жеңісіне сенбеді: олардың коэффициенті 11-ден 20-ға дейін болса, «Бенфиканыкі» небәрі 1,2 еді. Оның үстіне «Қарабах» соңғы айларда ел чемпионатында да тұрақсыз ойнап, жеңіліс пен тең ойыннан көз ашпай келген.
Алайда дәл осы сәтте футболдың басты қағидасы іске асты. Ойынды ақша емес, алаңдағы жүрек пен жанкештілік шешті.
Португалияның алып клубы осы ойынға дейін қатарынан 26 матчта жеңілмеген еді. Соңғы рет оларды тоқтатқан «Барселона» болатын. Ал 16-минутта 2:0 есебімен алға шыққан «Бенфика» бұл кездесуде де жеңіске жететініне сенімді көрінді. Бірақ «Қарабах» күтпеген жерден сенсация жасады: матч соңына қарай есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып әкетті – 3:2.
Бұл тек тарихи жеңіс қана емес, сондай-ақ Әзербайжан клубының Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы толыққанды жеңісі болды.
«Қарабах» өз жолын екінші іріктеу кезеңінен бастаған еді. Олар Ирландияның «Шелбурнын» (3:0), Македонияның «Шкендиясын» (1:0), Венгрияның «Ференцварошын» (3:1) жеңіп, жалпы кезеңге жолдама алды. Енді бұл тізімге «Бенфика» да қосылды.
Сырт алаңда 4 матч өткізіп, төртеуінде де жеңе білді. Жалпы есеп – 10:3. Бұл «Қарабахтың» ерік-жігері мен шыдамдылығының айқын дәлелі.
Әзербайжан мен Қазақстан футболы жиі салыстырылады. Екі елдің клубтары да Еуропа аренасында әлі өзін толық дәлелдеген жоқ. Бірақ «Қарабахтың» тарихи жеңісі қазақ жанкүйерлерін де қуантты.
Бүгін «Қайрат» дәл сол Лиссабонда «Спортингке» қарсы алаңға шығады. Көпшілік сенбесе де, «Қарабах» көрсеткендей, сенсация жасауға мүмкіндік бар. Мәселе – сенімде, жанқиярлықта және соңына дейін күресуде.
Оның үстіне португалиялық клубтың бірнеше негізгі ойыншысы алаңға шықпай қалуы да мүмкін. Жуырда ғана қақпашысы да жарақат алып қалды. Енді оның орнын жас ойыншы басуы мүмкін.