
Белгілі кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов «Қайрат» футболшыларына ерекше уәде жасады. Ол 30 қыркүйекте өтетін УЕФА Чемпиондар лигасы ойынында мадридтік «Реалды» жеңсе, әр ойыншыға жеке автокөлік сыйлайтынын айтты.
Бұл туралы ол өзінің Threads парақшасында жариялады:
«Мен – республикамыздың патриотымын. Туған күнімнің қарсаңында уәде беремін: егер командамыз жеңіске жетсе, алаңға шыққан әр футболшыға бір-бір көлік сыйлаймын. Алматы – әлемнің астанасы, "Қайрат" – чемпион!»
30 қыркүйекте өтетін кездесу – қазақстандық футбол тарихындағы айтулы оқиға. Себебі «Қайрат» тұңғыш рет өз алаңында Еуропаның ең мықты клубтарының бірімен бақ сынайды. Бұл ойынға жанкүйерлер де, спорт сарапшылары да ерекше қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, жуырда Алагөзов өз компаниясындағы 100 қызметкеріне Алматыдан пәтер сыйлаған. Мұндай қадам қазақстандық бизнес-ортада сирек кездеседі. Себебі дәстүр бойынша елдегі ірі кәсіпкерлердің қайырымдылық істері көп жағдайда жария етілмей, жабық түрде жасалып келеді.
Алагөзовтің бұл әрекеті қоғамда түрлі ой тудырды:
Біреулер оны қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы жаңа дәстүрдің бастамасы деп бағаласа, енді бірі «қайырымдылықты жария ету қажет пе?» деген сұрақты көтеріп отыр.
Қалай болғанда да, кәсіпкердің уәдесі футболшыларға қосымша мотивация сыйлап, ал жанкүйерлер үшін ойынға деген қызығушылықты арттырды.