
"Қайрат" Чемпиондар лигасындағы маңызды ойын алдында қақпашы мәселесін шешуге кірісті. Қарағандының «Шахтер» командасының голкипері Игорь Шацкий жақын күндері алматылықтардың сапына қосылуы мүмкін.
Кеше Шацкий «Шахтердің» Бірінші лигадағы «Жетысайға» қарсы матчына қатысқан жоқ. Себебі ол қарағандылық клубпен келісімшартын үзуді және «Қайратқа» еркін агент ретінде ауысуды көздеп отыр.
Еске сала кетейік, «Қайраттың» негізгі қақпашылары — Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков ұзақ уақытқа жарақат алып, алаңға шыға алмайды. Осыған байланысты Чемпиондар лигасындағы «Спортингке» қарсы ойында қақпаны небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғады.
Халықаралық ережелерге сәйкес, клуб маусымның қалған бөлігіне бір еркін агентті тіркеуге құқылы. Дәл осы мүмкіндік арқылы «Қайрат» Игорь Шацкийді сапына қосып, қақпашы мәселесін шешуді жоспарлап отыр.