
Алматыда өтетін УЕФА Чемпиондар лигасының ойынына билеттердің сатылымы еуропалық сайтта сатылып жатыр.
Бүгін Алматыда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттеріне ресми сатылым басталған болатын. Еске салсақ, билеттердің ресми сатылымы сағат 17:00-де ашылды. Алайда небәрі бірнеше минуттың ішінде қазақстандық онлайн-платформаларда барлық билеттердің сатылып кеткені хабарланды. Тіпті, бір уақытта түскі уақыттан өз кезегін күтіп отырған халық өз кезектерін жоғалтып алған екен.
Бірақ мәселе мынада: Еуропадағы халықаралық Viagogo сайтында аталған матчқа билеттер әлі де сатылып жатыр.
Viagogo – халықаралық онлайн-биржа, мұнда билеттерді қарапайым жанкүйерлер де, кәсіби қайта сатушылар да ұсына алады. Яғни, бұл платформа ресми сатылым арнасы емес, қайта сатушылардың нарығы болып саналады.
Viagogo сайтындағы баға жанкүйерлерді қатты таңғалдыруы мүмкін. Мәселен, ең арзан билеттердің құны 538 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбат билеттердің бағасы шамамен 19 миллион теңгеге дейін жеткен.
Бұл жағдай көптеген сұрақтарды туындатады: Қазақстандағы ресми платформаларда билеттер небәрі бес минуттың ішінде таусылып кеткенде, Viagogo секілді халықаралық алаңда мұндай билеттер қайдан пайда болды? Олар кімнің қолына қалай түсті?
Жанкүйерлер үшін бұл мәселе үлкен дау тудыруы мүмкін. Себебі қарапайым халық қолжетімді бағада билет ала алмай қалса, алыпсатарлардың қолында ол бірнеше есеге қымбат бағада сатылып жатыр.