
Қарағанды тұрғыны Тұрсын Күбікенова есімді апа әлеуметтік желі қолданушыларын өзінің мықты дене дайындығымен тәнті етті.
Ол "планкада тұру" сынды жаттығуларды еш қиналмай орындап, көпшілікке салауатты өмір салтының үлгісін көрсетті. Жасы 80-нен асса да, Тұрсын апа әлі де тың. Оның айтуынша, 3 жыл бұрын арқасы бүкірейе бастаған кезде арнайы жаттығулар жасап, омыртқасын қалпына келтіре бастаған.
“Арқам бүкірейе бастаған соң жаттығулар жасап, түзетуге тырыстым. Нәтижесінде арқа түзіліп, бойым тік тартылды. Қан қысымым қалыпты, аяқ-қолым ауырмайды”, – дейді Тұрсын апа.
Тұрсын апа төрт баланың анасы, бірнеше немере мен шөберенің ардақты әжесі. Балалары оның спортқа деген құлшынысын қолдап, қажет жабдықтардың барлығын сыйға тартқан.
“Анамыздың денсаулығына бей-жай қарай алмадық. Спортты жақсы көретінін көріп, арнайы құрал-жабдықтар алып бердік”, – дейді туыстары.
Заманауи апа тек спортпен шектеліп қоймай, әлеуметтік желілерді де еркін пайдаланады. Жаңа трендтер мен жаңалықтарды бақылап отырудан жалықпайды.