
Қазақстанның жасөспірімдер футболында жаңа жұлдыз жанып келеді. Танымал X аккаунт Rising Stars XI 17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дәулет Орынбасар туралы пост жариялап, оны еліміздің болашағы зор футболшысы ретінде атады.
Rising Stars XI парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Дәулет Орынбасар – QJ League (Қазақстанның жастар арасындағы ең жоғары лигасы) тарихындағы ең нәтижелі ойыншы:
"Даулет Орынбасар — QJ League тарихындағы ең көп гол және нәтижелі пас берген ойыншы. 17 матчта 28 гол соғып, 14 ассист жасады. Ол бұл көрсеткіштерімен “Челси” клубымен келісімшартқа отырған Дастан Сәтпаевтың өзінен де озып кетті. Нағыз вундеркинд!", – делінген жазбада.
Еске салсақ, 2025 жылдың 10 ақпанында алматылық "Қайрат" пен лондондық "Челси" Дастан Сәтпаевтың трансфері жөнінде келісімге келген болатын. Келісім бойынша, Сәтпаев кәмелеттік жасқа толған соң, 2026 жылдың жазында ағылшын клубына ресми түрде қосылады.
Ал Дәулет Орынбасардың ерекше статистикасы мен алаңдағы сенімді ойыны оған да еуропалық клубтардың назарын аудартуы әбден мүмкін. Қазақ футболының келесі экспорттық жобасы осы ойыншы болары сөзсіз, дейді сарапшылар.