
"Атырау" футбол клубы жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды. Команданың тізгінін 37 жастағы Қуаныш Қабдолов ұстады.
Қуаныш Қабдоловтың "Атыраудағы" бапкерлік жолы 2009 жылы басталды. Ол сол кезде жастар құрамасында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды. 2013 жылы клубтың футбол орталығын басқарып, сол жылы 1999 жылғы жасөспірімдер командасы ел чемпионы атанды.
2014–2020 жылдар аралығында Қабдолов негізгі құрамда да жұмыс істеп, бас бапкердің көмекшісі болды. Оның кезінде мұнайшылар екі мәрте – 2017 және 2019 жылдары Қазақстан кубогының финалына жетті.
2021–2022 жылдары Қуаныш Қабдолов "Тұран" командасында жұмыс істеп, кейін ұжымды өзі басқарды. Ал 2023 жылғы маусымда "Каспий" клубымен Бірінші лигада қола жүлде иеленді. Ағымдағы жылы Қабдолов QJL "Атырау" командаларының үйлестірушісі қызметін атқарды.
Ескк сала кетейік, күні кеше клуб Константин Горовенконың қызметінен кеткенін мәлімдеген. Оның басшылығымен команда 6 матч өткізіп үлгерді.