
"Астана" футбол клубы соңғы уақытта БАҚ беттерінде тараған жалған ақпараттарға байланысты ресми түсініктеме берді.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында клубтың ойыншылар мен қызметкерлер алдындағы бес айлық жалақы қарызы бар деген ақпарат жарияланған болатын. Бірақ "Астана" ФК баспасөз қызметі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Бұл — шындыққа сәйкес келмейтін, мақаланың авторы ойдан шығарған ақпарат. Ол клубтың бас бапкеріне тиесілі сөздер ретінде бұрмаланып таратылған. Иә, қазіргі уақытта белгілі бір қаржылық қиындықтар бар. Бірақ оларды шешу бюджет бекітіліп, қажетті құжаттар рәсімделген соң күтіледі", — делінген мәлімдемеде.
SportQory қорының қолдауы
Клубтың айтуынша, SportQory бюджет бекітілгенге дейін қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Бұл көмек қордың ішкі ресурстары есебінен жүзеге асырылуда. Клуб пен қор басшылығының арасында кездесулер жоспарланған.
"Қор басшылығы команданың жағдайын түсіндіру үшін арнайы кездесу өткізбек. Бұл кездесу жақын арада болады", — деп хабарлады клубтың Instagram парақшасы.
Еске сала кетейік, ҚПЛ-дың 8-туры аясында "Тобылға" қарсы өткен матчтан (1:3) кейінгі баспасөз конференциясында "Астана" клубының бас бапкері Григорий Бабаян клубтағы қаржылық мәселелер жайында ашық айтқан болатын. Дегенмен клуб бұл сөздердің бұрмаланып берілгенін мәлім етті.