
Халықаралық турнир аясында өткен матчта ол №7 жейдемен алаңға шықты.
Футбол аңызы Криштиану Роналдудың ұлы Португалия U-15 жасөспірімдер құрамасында дебют жасап, ұлттық деңгейдегі мансабын бастады. Жас шабуылшы Жапонияға қарсы өткен матчта алғаш рет ресми түрде ел намысын қорғады.
14 жастағы Криштиану Роналду-кіші Хорватияда өтіп жатқан халықаралық турнир аясында Жапония U-15 құрамасына қарсы ойында 54-минутта алаңға шықты. Ол әйгілі әкесінің символына айналған №7 жейдесін киіп шықты. Сол сәтте Португалия 3:0 есебімен алда келе жатқан болатын.
"Ұлымды Португалия құрамасындағы дебютімен құттықтаймын. Сені мақтан тұтамын!" – деп жазды Криштиану Роналду өзінің Instagram парақшасында.
Бұл жазба әлеуметтік желіде кең тарап, жанкүйерлер тарапынан жылы лебізге ие болды.
Жас шабуылшының ұлттық құрама сапындағы алғашқы қадамы жанкүйерлердің ерекше назарында. Спорт сарапшылары оның ойын стилінде әкесінің техникалық шеберлігі мен алаңдағы батылдығы байқалатынын атап өтті.
Криштиану Роналду қазіргі таңда Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубында ойнап жүр
БАҚ дерегінше, ол қазіргі уақытта клубпен жаңа келісімшартқа қол қою мәселесін кейінге қалдырған.