
Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев «Химки» клубында жұмыс істеп жатқанына бір айдан асса да, әлі бір теңге де алмаған болып шықты.
"Химки" клубының бас бапкері міндетін атқарушы Магомед Адиев жұмысқа кіріскелі бері әлі жалақы алмағанын мәлімдеді. Қаржылық қиындыққа тап болған ресейлік клубта қазір жағдай ушығып тұр.
Қазақстан құрамасының экс-бас бапкері Магомед Адиев 16 сәуірде ресейлік "Химки" клубының тізгінін ұстаған болатын. Алайда сол кезден бері ешқандай жалақы алмағанын "Матч ТВ" арнасына берген сұхбатында ашық айтты:
«Әзірге маған айлық төленген жоқ. Чемпионат біткен соң, бәрі шешіледі деп үміттенемін», — деді Адиев.
Сәуір айында клубтың қаржылық проблемалары шарықтау шегіне жетті. Жалақы бойынша берешектерге байланысты футболшылар жаттығудан бас тартты, ал жағдайға РПЛ президенті Александр Алаев араласып, клубта сыртқы басқару енгізілгенін жариялады.
Кейінірек белгілі болғандай, ойыншыларға тек желтоқсан айының жалақысы ғана төленген.
"Химки" қазіргі таңда РПЛ турнирлік кестесінде 11-орында тұр
29 ұпаймен, "Пари НН"-ды екі ұпайға ғана басып озған
Соңғы турда команда "Спартакпен" (Мәскеу) сырт алаңда кездеседі.