
Қазақстандық маман Қуаныш Қабдолов Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін "Атырау" ФК бас жаттықтырушысы қызметінен ресми түрде босатылды.
“Атырау” клубының Instagram парақшасында жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, 37 жастағы қазақстандық маман Қуаныш Қабдолов бұл қызметті өз еркімен босатқан. Ол қиын кезеңде команда тізгінін уақытша қолға алған болатын.
“Қуаныш Қабдолов маусымның қиын сәтінде бас бапкер қызметіне келіп, алты ойын өткізді. Ол клубтан кетпейді және бұрынғы қызметі – QJL жобасындағы командаларды үйлестіруші рөліне қайта оралады”, – делінген клуб мәлімдемесінде.
Қуаныш Қабдолов 21 сәуірде “Атыраудың” уақытша бас бапкері болып тағайындалған. Бұл өзгеріс Константин Горовенконың отставкасынан кейін жүзеге асты.
Осы кезең ішінде Қабдолов жетекшілігімен команда алты матч өткізіп, бірде-бір жеңіске жете алмады. Қазір “мұнайшылар” турнир кестесінің соңғы сатысында – 12 ойыннан кейін бар болғаны 4 ұпай жинады.