
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Әли Әлиев Рамазан Оразовтың неге Солтүстік Македонияға қарсы матчқа шақырылмағанын түсіндірді.
ӘЧ–2026 іріктеу кезеңі аясында өтетін Солтүстік Македониямен матч қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында Әли Әлиев көпшілікті қызықтырған сұраққа жауап берді.
"Қайта-қайта айтамын. Құраманың тізімін жарияламас бұрын, мен Рамазанмен телефон арқылы сөйлестім. Оған ашық түрде:
“Рамазан, сенде қазіргі кезде ойын тәжірибесі жоқ. Бірінші циклде де дәл солай болған, бірақ біз сені шақырдық. Сен бізбен Анталияда оқу-жаттығу жиынын өткіздің, алаңға да шықтың. Ол кезде сен өз мүмкіндігіңді көрсеттің. Бірақ қазіргі жағдайда сенің физикалық дайындық деңгейің төмен. Ал сенің негізгі қаруың – фитнес пен агрессия. Осы қасиеттер болмайынша, сен бәсекеге қабілетті бола алмайсың”, – деп түсіндірдім."
Сонымен қатар бапкер ойыншымен ешқандай кикілжің немесе түсініспеушілік жоқ екенін айтты:
"Біз тіпті оған жаңа клуб іздеуге көмектесуді ұсындық. Ол ойын практикасына қайта ие болған сәтте – біз құраманы кеңейтеміз, есік ашық."
Қазір Рамазан Оразов Дания чемпионатындағы “Силькеборг” клубының намысын қорғайды. 2024/25 маусымында ол 13 матч өткізіп, жалпы 405 минут алаңда өнер көрсетті. Дегенмен бұл көрсеткіш оның жоғары формасына жетуге жеткіліксіз екені бапкердің айтуынша, шешуші факторға айналған.
Қазақстан мен Солтүстік Македония құрамалары арасындағы маңызды кездесу ертең, сағат 19:00-де “Астана Аренада” өтеді. Бұл матч ӘЧ–2026 іріктеу кезеңі аясындағы шешуші ойындардың бірі болмақ.