
"Наполиде" жаңа жұлдызды дуэт қалыптаса ма?
Бельгиялық жартылай қорғаушы Кевин Де Брюйне жақында "Наполиге" ресми түрде ауысты. Он жыл бойы "Манчестер Сити" намысын қорғаған жұлдыз енді А сериясында жаңа белеске шығуға ниетті. Бірақ бұл тек бастамасы болуы мүмкін. The Sun басылымының хабарлауынша, Де Брёйне өзімен бірге Джек Грилишті де Неапольге ертіп әкелгісі келеді.
Жаңа маусымға қызу дайындалып жатқан "Наполи" командасының бас бапкері Антонио Конте Де Брюйне арқылы Грилиштің мүмкіндіктерін сұрастырып үлгерген. Басылым дерегіне сүйенсек:
"Конте Де Брюйнеден Грилиш туралы нақты пікір сұраған. Бұл трансферге бастама болуы мүмкін", – делінген The Sun мақаласында.
Қос футболшы "Ситиде" бірнеше маусым бойы бірге ойнап, шығармашылық шабуыл тандемін құрған болатын. Енді бұл байланыс А сериясында да жалғасын табуы ықтимал.
Трансфердің басты мәселесі — Грилиштің жалақысы. Қазір 29 жастағы ағылшын ойыншысы АПЛ-дегі ең жоғары жалақы алатын футболшылардың бірі. Егер ол "Наполиге" ауысуды қаласа, жалақысын айтарлықтай қысқартуға тура келеді.
Дегенмен әлем чемпионаты қарсаңында тұрақты ойын тәжірибесіне ие болу үшін Грилиш мұндай қадамға баруға дайын болуы мүмкін.
Transfermarkt порталының мәліметінше, қазіргі уақытта Грилиштің трансферлік бағасы 28 миллион еуро. Бұл көрсеткіш Еуропадағы ортаңғы деңгейдегі клубтар үшін де қолайлы саналады. Әсіресе егер ойыншы өз қалауы бойынша жеңілдіктерге баруға дайын болса.