
Француздар ойыншыны Райан Шерки трансфері аясында уақытша өз қатарларына қосуды көздеген. Бірақ "Сити" бұл ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамаған.
"Лион" мен "Сити" арасындағы келіссөздер Шерки трансфері төңірегінде өрбіген. Осы келісім аясында ағылшындар өз ойыншыларының бірін уақытша беруге дайын болған, ал француз тарабы таңдауын Абдукодир Хусановқа түсірген. Бірақ "Сити" қорғаушыны ақысыз арендаға жіберуге келіспеді.
"Бұл – клубтың өз ойыншысын болашақ инвестиция ретінде бағалайтынын көрсетеді. Хусанов тек келіссөздегі айырбас құралы емес", – деп жазады L’Équipe.
Хусанов ағылшындық грандқа қыста "Ланстан" ауысқан. Қазір ол клубтық әлем чемпионатында "Сити" сапында ойнайды. Жас қорғаушының "Лион" секілді клубтар тарапынан қызығушылық тудыруы оның Еуропадағы беделі артып келе жатқанын аңғартады.