
«Ювентус» шабуылшысы Душан Влахович бұл жазда клуб ауыстыруға жақын. Туриндік клубпен ағылшындық «Манчестер Юнайтед» трансфер бойынша келісімге келгенімен футболшы Англияға ауысудан бас тартты.
2022 жылы «Ювентус» Душан Влаховичті «Фиорентинадан» сатып алғанда оны команданың шабуыл көшбасшысы етеді деп күткен еді. Алайда бірнеше маусым ішінде сербиялық өз әлеуетін толық аша алмады. Ол тек ойын деңгейімен емес, клуб басшылығымен жиі келіспеушіліктері мен жоғары жалақы талаптарымен есте қалды.
BeSoccer деректеріне сүйенсек, «Ювентус» пен «Манчестер Юнайтед» Влаховичтің трансфері бойынша негізгі тармақтарды келіскен. Алайда шабуылшының өзі чемпионат ауыстырғысы келмеген. Ол А сериясында қалуды жөн деп тапты. Осы тұста «Милан» ойыншыға қызығушылық танытып отыр.
Италиялық гранд шабуыл шебін күшейту мақсатында Влаховичке ұсыныс жасауды жоспарлап отыр. Егер келісім жүзеге асса, сербиялық ойыншы Италиядағы мансабын жалғастырып, тағы бір жоғары деңгейдегі клубта ойнауға мүмкіндік алады.
Душан Влаховичтің болашағы әлі нақты шешілмегенімен, оның А сериясында қалуға ұмтылысы мен «Миланның» белсенділігі бұл трансфердің орын алу ықтималдығын арттырып отыр. Әзірге тараптар ресми мәлімдеме жасаған жоқ.