
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, "Тобыл" ФК жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген ұлттық құрамамен қоштасу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
ҚПЛ-дің 17-турындағы “Ақтөбе” – “Тобыл” матчы аяқталғаннан кейін Асхат журналистерге сұхбат беріп, ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтау туралы ойын айтты:
“Аздап қынжылтқаны рас. Бірақ енді жастарға жол беру керек сәт келді деп ойлаймын. Енді солар ойнасын. Ал мен клубтық карьерамды жалғастырамын. Құрамаға алдағы ойындарда сәттілік тілеймін. Астанадағы стадионнан жанкүйер ретінде, жаныммен де, тәніммен де қолдайтын боламын. Бұл шешімді өзім қабылдадым. Жұбайым да, анам да білмеді. Барлығын өзім шештім”.
Тағыберген 2025 жылдың маусым айында ұлттық құрамадағы карьерасын ресми түрде аяқтады. Бұл шешім Солтүстік Македониядан алған ауыр жеңілістен кейін белгілі болды. Сол ойында бас бапкер Әли Әлиев баспасөз мәслихатын Тағыбергеннің шешімін жариялаудан бастады:
“Асхат ұлттық құрама сапында ойнауды тоқтатуға шешім қабылдады. Ол жастарға жол беруді жөн көрді”, — деді бапкер.
Асхат Тағыберген ұлттық құрамада 40-тан астам матч өткізген. “Ақтөбе”, “Қайсар”, “Астана” мен “Тобыл” сынды клубтарда өнер көрсетті.