
Жалақыны заңсыз көтеру, бюджет қаржысын мақсатсыз пайдалану және салықтан жалтару сынды ауыр айыптар тергеліп жатыр.
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысының әкесі, "Қызылжар" футбол клубының бұрынғы директоры Григорий Лорияға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы aladop.kz хабарлады. Құзырлы органдар клубтағы қаржы былығы мен заңсыз жалақы схемаларын тергеп жатыр.
Бұл даудың бастауында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиевтің "Қызылжар" клубындағы жалақысы тұр. Ресми құжаттарда оның жалақысы 1 миллион теңге деп көрсетілгенімен, нақты сомасы 10 миллионға дейін жеткені тергеу барысында анықталған.
Қазір құзырлы органдар осы төлемдерге жауапты клуб басшыларын тергеп жатыр. Нақтырақ айтқанда, сот "Қызылжардың" бас есепшісінен жауап алуда. Сонымен қатар, клубтың сол кездегі басшысы Григорий Лорияның да бұл іске тікелей қатысы болуы мүмкін деген күдік бар.
Aladop.kz дерегіне сүйенсек, Григорий Лория қазіргі уақытта Аустралияға кетіп қалған.
Қазіргі тергеудің негізгі бағыттарының бірі – облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы. Атап айтқанда, шамамен 300 миллион теңге өтпеген оқу-жаттығу жиындарына жұмсалған болуы мүмкін.
Сонымен қатар, салықтан жалтару фактілері де тергеу барысында тіркелген.