
"Пари Сен-Жермен" қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма клубтан кететінін ресми түрде жариялады. Футболшы бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.
"Парижге келген алғашқы күннен бастап, мен бар күшімді алаңда да, одан тыс жерде де салып, өз орнымды қорғауға тырыстым. Өкінішке қарай, біреулер менің енді бұл команданың бір бөлігі болып, табысқа үлес қоса алмайтынымды шешті. Бұл мені қатты ренжітті әрі көңілімді қалдырды.
"Парк де Пренс" стадионында жанкүйерлердің көзіне қарап, лайықты түрде қоштасу мүмкіндігі туады деп үміттенемін. Егер олай болмаса, біліңіздер: сіздердің қолдауларыңыз бен адалдықтарыңыз мен үшін өте қымбат. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Сіздер сыйлаған эмоциялар, сиқырлы кештер мен өзімді үйдегідей сезіндірген сәттер мәңгі есімде қалады.
Командадағы әріптестеріме – менің екінші отбасым әрбір күрес, әрбір күлкі, біз бірге өткізген әрбір сәт үшін алғыс айтамын. Сіздер әрдайым менің бауырларым болып қаласыздар.
Бұл клуб үшін ойнау және Парижде өмір сүру – мен үшін үлкен құрмет болды. Рахмет саған, Париж!"– деп жазды қақпашы.
Доннарумма "ПСЖ"-ға 2021 жылы Миланнан ауысқан еді. Ол уақытта еркін агент ретінде Парижге келген қақпашы қысқа мерзімде негізгі құрамның тұрақты ойыншысы атанды. Енді оның жаңа командасы жақын арада белгілі болуы мүмкін. Көптеген инсайдерлер италиялық қақпашының АПЛ клубтарының біріне ауысатынын болжайды.