
"Астана" бүгін өз алаңында "Лозаннаға" қарсы шешуші ойын өткізеді.
Бүгін УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта «Астана» өз алаңында Швейцарияның «Лозаннасын» қабылдайды. Алғашқы ойын Швейцарияда өтіп, алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Қос кездесудің қорытындысы бойынша жеңімпаз плей-офф кезеңіне жолдама алады, ал жеңілген команда жарысты аяқтайды.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян ойыншыларға сенім білдіріп, жанкүйерлерге жеңіс сыйлау қажеттігін айтты:
«Өткен ойында біраз қателік болды. Барлығын саралап, алдағы матчқа жоспар құрдық. Жігіттер тапсырманы ойдағыдай орындап, үмітті ақтауы тиіс. Өз алаңдағы жанкүйерлердің қолдауы бізге ерекше күш береді. Оның қарымтасы ретінде жеңіс сыйлауымыз керек. Қарсыласты толық зерттедік, бәрі бабында. Қалғанын ойын көрсетеді», – деді бапкер.
Кездесу бүгін «Астана Арена» стадионында өтеді, ойын басталуы – 19:00 (Астана уақыты). Тікелей эфирді «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.